ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ КҮРІШШІЛЕРІ РЕКОРДТЫҚ ӨНІМ ЖИНАДЫ
Биыл облыс күрішшілері әр гектардан 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна күріш салысы қамбаға құйылды. Осылайша, Сыр диқандары жаңа рекордқа қол жеткізді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов мәлімдеді.
«Ауыл шаруашылығында бірнеше жыл қатарынан біз өндірісті және осы саланың дамуын сипаттайтын басқа да бірқатар көрсеткіштерді арттырып келеміз. Ағымдағы жылдың 10 айының өзінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін, айтып өткенімдей, 3,5 пайызға арттырдық . Бұл бірінші кезекте салаға тартылған инвестициялардың өсу қарқынымен, техникалық қайта жабдықтау және жаңа технологияларды енгізумен байланысты», - деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Елбасы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында, ауыл шаруашылығына аса мән беруді және агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттауға байланысты жұмыстарды күшейту бойынша тапсырма берген болатын. 
Осы орайда, 2016 жылдан бастап бақша дақылдары, 2017 жылы - көкөністер мен мал экспорттары жандандырылып, 2018 жылы Қытайға алғаш рет мақсары майы жіберілді. Биыл осы елге жүн экспортталуда.
Саланың экспорттық әлеуеті жоғары. Бұл ретте, шикізат өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шығу міндеті қойылған.
«Мысалы, шетелге тірілей мал жіберуге немесе оны басқа облыстардың ет комбинаттары арқылы экспорттауға тура келеді, өйткені, біздің облыста халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты жоқ. Бұл – шешуді қажет ететін тағы бір міндет. Сондықтан, биыл талапқа сай ет комбинатының құрылысын бастадық. Ол жылына 5 мың тонна етті терең өңдейтін аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірі болмақ. Сонымен бірге, алдымызға құс шаруашылығы, сүт және етті мал шаруашылығы, жылыжай өндірісі, жеміс-жидек дақылдары өндірісі, майлы дақылдар өндіретін шаруашылықтар сияқты қалыс қалған салаларды дамыту міндетін қойдық. Қазір соны іске асырудамыз», - деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, биыл диқандардың рекордтық өнімге қол жеткізуіне аяқ судың тапшылығынан қиындықтар болады деген қауіп болды. Бірақ, бұл мәселе де шешімін тауып, күріш тұқымын сауықтыру және вегетациясы қысқа, бәсекеге қабілетті отандық сорттардың үлесін арттыру бойынша да бірқатар жобалар іске асырылды. Биыл “Сыр сұлуы”, “Ай-Керім” және басқа да отандық сорттар бірнеше шаруашылықтарда егілді. 
Сыр күрішімен таяу шет елдерден басқа, қазір біз Монғолия, Түркия, Ауғанстан нарықтарын игерудеміз.
Анықтама үшін:
7,3 мың тонна майлы дақылдар, 66,4 мың тонна картоп, 115,3 мың тонна көкөніс, 187,4 мың тонна бақша жиналды. Биыл 50 га соя егіп, жақсы нәтижеге жеттік, сондықтан келесі 2020 жылы оның көлемін 500 га ұлғайтамыз. Мал шаруашылығында мал басының ең жоғарғы деңгейі 1991 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 45,2 пайызға (223,1 мыңнан 324 мыңға дейін), жылқы 91,4 пайызға (71,3 мыңнан 136,4 мыңға дейін), түйенің басы 76 пайызға (26 мыңнан 45,7 мыңға дейін) артты.  Ағымдағы жылдың 9 айында 25,7 мың тонна ет, 63,6 мың тонна сүт, 6,4 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, ет өндіру 3,4 пайызға, сүт өндіру 1,7 пайызға, жұмыртқа өндіру 7,7 пайызға өсті. 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика