Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ет өнімдерінің экспортын арттыруға мүмкіндік береді.
Ет өңдеу комбинаты Қызылорда қаласы маңындағы Талсуат елдімекенінде орналасқан.
«Облысымызда индустриялық даму бағдарламасы нәтижелі іске асырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өте маңызды бірқатар өндіріс орындарының құрылыстары басталды. Облыс экономикасын индустрияландыру мәселесі өте маңызды болғанымен, ауыл шаруашылығы қашанда ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі ретінде қала береді. Елбасының тапсырмасына сәйкес қазір елімізде «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы қабылданып, іске асырылуда. Өздеріңіз білетіндей, 2016 жылы облыс буферлік аймақтан шығарылып, ет экспорттайтын аймақтардың қатарына енді. Дегенмен, облыста халықаралық стандартқа сай ет комбинатының болмауынан біз бүгінге дейін ірі қара, қой, түйе малдарын тірілей экспорттап келдік. Бүгін іргетасын қалағалы отырған ет комбинатының құрылысы арқылы біз облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ет экспортын ұлғайтатын боламыз»,-деді аймақ басшысы. 
Облыс орталығында салынып жатқан комбинат вакуумдық қаптамада жылына 5 мың тонна терең өңделген ет өндіруге, сондай-ақ 25 адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, осы жобаны іске асыру ауыл шаруашылығы айналымына шамамен 9 млн.гектар жайылымдық жерлерді айналымға қосуға және мыңдаған ауыл тұрғыны үшін тұрақты жұмыс орындарының ашылуына өз септігін тигізеді. Ет комбинатының негізгі инвесторы – «Сыр маржаны» серіктестігі, нысан жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Былтырдың өзінде облыстан экспортқа Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб Әмірлігіне және Ресейге 10,4 мың бас қой, 100 бас ірі қара, 366 бас тірі түйе жіберілді, бұны етке айналдырсақ, 300 тонна ет болады. Соңғы жылдары облыстың ауыл шаруашылығы кешені бойынша экспортталатын өнімдер 3-тен 15-ке дейін артты. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша экспорттың 97% - өңделген өнімнің үлесіне тиесілі. 
Сонымен қатар, аймақта 2022 жылға дейін Агрокарта әзірленіп, оның шеңберінде 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің (ет, күріш, балық және бақша өнімдері) экспортын 5 есеге ұлғайту көзделген. Алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығы кешенін дамыту бойынша 76 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде 500 астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика